Петропавлда полицейге шынайы құрмет көрсеткен оқушы – көпшіліктің ықыласына бөленді
Петропавлда полицейге шынайы құрмет көрсеткен оқушы – көпшіліктің ықыласына бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда Бөкетов көшесінде түсірілім жүргізіп жүрген СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкерлерінің назарын қызметтік машинаны көрген бетте тоқтап, қолын түсірмей әскери сәлем жолдаған бастауыш сынып оқушысы аудартты. Бұл шынайы құрмет видеокамераға жазылып, полицейлердің балаға жақынырақ танысуына себеп болды.
Ювеналдық полиция оның қаладағы Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның 3-сынып оқушысы, 8 жастағы Нұрғиса Ермахан атты бала екенін анықтады. Анасының айтуынша, Нұрғиса әрдайым форма киген адамдарға құрмет көрсетеді және болашақта полицей немесе өрт сөндіруші болуды армандайды.

2 желтоқсанда сол Бөкетов көшесінде Нұрғиса СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Мұрзахановпен кездесті. Нұрғиса тағы да әскери сәлем беріп, офицер де көліктен шығып, жарғыға сай жауап қайтарды. Полицей балаға патрульдік көліктің ойыншығын және тәттілер сыйлап, оны көлігімен жеткізіп салды. Педагогтар Нұрғисаның погоны бар адамдарға деген құрметін және ел мен мемлекетке қызмет етуге қызығушылығын атап өтті.
Балалардың сенімі, қызметтік форма киген адамдарға және жалпы үлкендерге деген құрмет – күн сайын құқық қорғау органдары нығайтып отырған "Заң мен Тәртіп" идеологиясының ажырамас бөлігі.
