Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте 30 оқушы "Жас сақшы" полиция сыныбына қабылданды

Шымкент қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл сыныпқа қызметтік борышын атқару барысында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Жолдасбек Бөкенбаевтың есімі берілді.

Сыныпқа 30 оқушы қабылданды. Арнайы сынып ашу бастамасы жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру және олардың болашақ мамандыққа бағдарлануына бағытталған.

Іс-шараға III дәрежелі "Айбын" орденінің иегері, Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Ербол Отарбаев арнайы шақырылды. Жиынға Жолдасбек Бөкенбаевтың әпкесі де қатысып, шараның маңызын арттыра түсті және батырдың рухына деген құрметті айшықтады.

Құқық қорғаушылар жас өрендерге жетістіктер тілеп, тәртіптің, жауапкершілік пен білімге ұмтылудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ шарада полиция қызметкерлерінен құрылған "ПолиАрт"тобы ән шырқап, жедел қимылдайтын арнайы жасақ даярлық элементтері мен жаттығулар көрсетіп, оқушыларға үлкен әсер қалдырды.

Жас сақшылар үшін полиция формасының үлгісіне сай арнайы киім тігілген, ал оқу бөлмесі тақырыптық стендтермен және қажетті оқу-әдістемелік материалдармен толық жабдықталған.
Ұйымдастырушылар қазіргі жас сақшылардың болашақта қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру