Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда жастар арасында есірткіге қарсы кең ауқымды форум ұйымдастырылды

Қарағанды облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы Достық үйінде "Өмір үшін бірге, есірткіге қарсы бірлесіп" және "Қарағанды аңыздары бір сахнада" тақырыбында жастар форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңызды іс-шараға елімізге танымал спортшылар, өнер мен кино саласының өкілдері, мәслихат депутаттары қатысып, колледж студенттерімен ашық форматта еркін пікір алмасты. Форум барысында спикерлер есірткінің адам өмірі мен қоғамға тигізетін зияны, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде жан-жақты ой қозғады.

Форум басталар алдында қатысушыларға Қарағанды облыстық полиция департаментінің кинологиялық орталығының қызметтік иттерінің мүмкіндіктері көрсетіліп, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері пайдаланатын арнайы құрал-жабдықтар мен қару-жарақ таныстырылды.

Іс-шараның ресми бөлімі Достық үйінің мәжіліс залында өтті. Форумның ашылуында Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов сөз сөйлеп, жастарды есірткі қылмысының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

- Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы жастарды есірткіге тарту әрекеттері жиілеп отыр. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор. Біз жастарға есірткіні бір рет қолданудың өзі ауыр жауапкершілікке әкелетінін және есірткі қылмысы үшін көзделген жазаларды түсіндіруді мақсат еттік. Танымал тұлғалардың қатысуы арқылы жастарды спортқа, өнерге және салауатты өмір салтына баулуды көздейміз, - деді Қуаныш Орынбетов.

Форум аясында сахна төріне бокстан әлем чемпионы, "Вэл Баркер" кубогының иегері Серік Сәпиев, дзюдодан әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Максим Раков, актер Нұрдәулет Шертім, КСРО бойынша бокстан спорт шебері, ірі одақтық және республикалық турнирлердің жеңімпазы, Өзбекстан Республикасы Ферғана облысының кәсіби бокс федерациясының президенті Ильхам Хакимбеков, жауынгерлік самбодан спорт шебері, Қарағанды облысы ММА федерациясының вице-президенті Дмитрий Ермолаев, қоғам белсендісі, ММА федерациясының вице-президенті Ардақ Жүнісов сынды танымал азаматтар шығып, жастармен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

- Бүгінде есірткінің, әсіресе "синтетиканың" таралуы алаңдатып отыр. Мұндай кездесулер жастардың ой-санасын кеңейтіп, дұрыс таңдау жасауына ықпал етеді деп сенемін. Қоғам алдында жүрген азамат ретінде жастарға үлгі болу - біздің азаматтық парызымыз, - деді актер Нұрдәулет Шертім.

Іс-шара барысында спортты серік еткен мектеп оқушылары өнер көрсетіп, форумның мазмұнын одан әрі байыта түсті. Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.

- Мұндай профилактикалық акциялар жастар үшін аса қажет. Себебі есірткіге әлі де еліктейтіндер бар. Оның салдары мен заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру - өте маңызды. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса екен, - деді ІТ бизнес колледжінің студенті Нұрислам Әкім.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, есірткіге қарсы бағыттағы осындай форумдар алдағы уақытта облыс орталығындағы барлық колледж бен жоғары оқу орындарында жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру