Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер жолда қалған жолаушыларға жедел көмек көрсетті

Екібастұзда полицейлер жолда қалған жолаушыларға жедел көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қолайсыз ауа райы салдарынан бір топ азамат трассада көліксіз қалып қойған. Патрульдеу кезінде Екібастұз қаласының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол жиегінде тұрған адамдарды байқап, бірден көмек көрсетуге кіріскен.

– Ойланбастан қызметтің аға инспекторы Әділ Смағұлов екеуміз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды ең жақын елді мекенге жеткізуді ұйымдастырдық. Кейін белгілі болғандай, жолаушылар таксимен келе жатқан. Алайда жол үстінде көлік бұзылып, жүргізуші автокөлікті эвакуациялауға мәжбүр болған. Ал жолаушылар заттарымен бірге трассада қалып қойған, – деді Екібастұз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали.

Құтқарылған азаматтар полицейлерге алғыстарын білдірді:

– Біз ұзақ уақыт бойы жолда тұрып қалдық, қатты тоңдық. Көптеген көліктер өтіп жатты, бірақ ешкім тоқтамады. Үмітіміз үзіле бастаған еді. Полицейлердің қырағылығының арқасында бізді жедел түрде жақын елді мекенге жеткізіп, жылы жерге орналастырды, тамақтандырды. Көмектесіп, трассада қалдырмағандарыңызға үлкен рахмет. Ауа райы өте қолайсыз болды – аяз, боран, көктайғақ. Сол сәтте өмірмен қоштасып та үлгердік. Бізді аман алып қалғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деді олар.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды күрделі ауа райы жағдайында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ қауіпті жағдайда қалған адамдарға бейжай қарамауға үндейді. Өйткені дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру