Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда өткен спорттық турнирде полиция қызметкерлері марапатталды

Талдықорғанда өткен спорттық турнирде полиция қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.   

Жетісу облысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, өңірдің спорттық жетістіктерін арттыруға елеулі үлес қосқан үздік спортшыларды, тәжірибелі жаттықтырушыларды және спорт ардагерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. "Жетісу шыңы – 2025" атты іс-шара Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрында жоғары деңгейде өткізілді.

Бір сахнада жылдар бойы Жетісу облысының спорттық даңқын қалыптастырып, туған өлкені республикалық және халықаралық ареналарда танытып жүрген жандар бас қосты. Салтанатты рәсім аясында олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорттық шеберлік мектебінің спортшылары мен жаттықтырушылары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұл — олардың кәсібилігіне, жанқиярлық еңбегіне және спортты дамытуға қосқан қомақты үлесіне көрсетілген құрмет. Сонымен қатар қызметімен қатар спортта да жоғары жетістіктерге жетіп жүрген, жастарға үлгі болатын құқық қорғау органдарының өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Марапатталғандар қатарында полиция қызметкерлері де бар. Даурен Ауданбаев — джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қуандық Есенеев — джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Жақсылық Шерхан — джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Олардың жетістіктері — тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар дені сау, мықты әрі мақсатшыл ұрпақты қалыптастыруға қосылған үлес. "Жетісу шыңы – 2025" салтанаты спортшылар еңбегіне деген құрметтің нышанына айналып, Жетісу облысындағы спорттың жай ғана жетістік емес, қоғам өмірінің, жастар тәрбиесінің және ұлттық рухты нығайтудың маңызды бөлігі екенін тағы бір мәрте айқындады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру