Алматыда полиция ойын-сауық орындарында профилактикалық жұмысты күшейтті
Алматыда полиция корпоративтік іс-шаралар кезеңінде ойын-сауық орындарында профилактикалық жұмысты күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында корпоративтік және мерекелік іс-шаралар өтетін кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция тарапынан профилактикалық жұмыс күшейтілді.
Қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары және ювеналдық полиция өкілдері ойын-сауық мекемелерінде түсіндіру шараларын жүргізді. Нысандардың әкімшілігімен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, жанжалдар мен төбелестерге, өзге де құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша жауапкершілік ескертілді.
Сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің кез келген оқыс жағдайға жедел әрекет етуі, келушілерге қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелері мен заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін түсіндіру мәселесіне ерекше назар аударылды.
- Полиция жұмысының басты мақсаты – тұрғындардың демалысының қауіпсіз әрі тыныш өтуін қамтамасыз ету. Мереке құқық бұзушылықтар мен жанжалдарға ұласпауы тиіс. Полиция ең алдымен профилактикаға және ойын-сауық орындарының әкімшілігімен өзара іс-қимылға басымдық береді, – деп атап өтті Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Полицияда қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар демалыс және мерекелік орындарда тұрақты негізде жалғасатыны еске салынды.
