Дропперлік схеманың салдары қылмыстық жауапкершілікке әкеледі
Дропперлік схеманың салдары қылмыстық жауапкершілікке әкеледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 желтоқсанда Әуезов аудандық полиция бөліміне Астанадан үшінші тұлғаларға ақшалай сыйақы үшін банк шотына заңсыз қолжетімділік беру фактісі бойынша материал түсті. Астаналық тұрғынға келтірілген жалпы шығын 9 млн теңгені құрады.
Қылмыстық іс бойынша тергеу барысында зардап шегушіден алдау арқылы алған қаражат үшінші тұлғалардың шоттарына аударылғаны анықталды. Алдын ала тергеу кезінде 400 000 теңге Семей қаласының 19 жастағы тұрғынының атына тіркелген шотқа түскені белгілі болды.
Жас жігіттің айтуынша, қазан айында оған онлайн табыс табу жайлы ұсыныс түскен. Интернет-платформада тіркеліп, мессенджер арқылы байланысқа шыққаннан кейін, белгісіз адамдар жұмыс атқару сылтауымен оның деректерін сұрап, іс жүзінде оның шотын қылмыстық жолмен алынған қаражатты қабылдау үшін пайдаланған.
Қазіргі уақытта полиция аталған азаматтың шотының қылмыстық мақсатта пайдаланылғанынан бейхабар болғанын анықтап жатыр.
Полиция банк шотын, картаны, реквизиттерді, қосымшаға қолжетімділікті немесе жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру – бұл жеңіл табыс емес, қылмыстық схемаға қатысу екенін еске салады. Дроппер алаяқтардың ақшасын жеткізушіге айналып, заң бойынша жауапкершілікке тартылады.
