Абай облысында пробация қызметінің талаптарын бұзған азамат бас бостандығынан айырылды
Абай облысында пробация қызметінің талаптарын бұзған азамат бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
34 жастағы Абай облысының тұрғыны есірткі заттарын таратқаны үшін үш жыл бес ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына тартылған.
Сотталған азамат Абай облысының пробация қызметінде есепке қойылды. Есепке қою барысында оған құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, жазаны өтеу шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екені ескертілді.
Алайда қоғамнан оқшауланбай-ақ түзелу мүмкіндігі берілгеніне қарамастан, есепте тұрған әйел белгіленген тәртіпті бірнеше рет бұзған: тұрғылықты мекенжайында болмаған т.б жауапкершілікке тартылған.
Осы жүйелі заң бұзушылықтарға байланысты сот шешімімен оған тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасы өтелмеген мерзімге — үш жыл бір айға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Жазасын одан әрі өтеу үшін сотталған Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №23 мекемеге жеткізілді. Мекеме қызметкерлерімен әңгімелесу барысында ол некеде тұрғанын және жеті және тоғыз жастағы екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін айтты.
Қазіргі уақытта оны мекеме аумағындағы тігін цехына жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Сотталған әйел алатын жалақысын сот тағайындаған талап-арыздарды өтеуге, сондай-ақ балаларына материалдық көмек көрсетуге жұмсауды көздеп отыр.
— Мен болған жағдайға өкінемін. Маған өмірімді қайта бастауға, түзеле алатынымды дәлелдеуге мүмкіндік берілді, бірақ мен қате таңдау жасадым. Қазір ана мейірімінсіз қалған балаларымның алдындағы кінәмді сезініп отырмын. Істеген ісіме өкінемін және болашақта олардың жанында болып, лайықты үлгі бола алу үшін өмірімді өзгерте аламын деп үміттенемін, — деді сотталған әйел.
— Мекемеде сотталғандармен заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және босатуға даярлауға бағытталған тәрбиелік, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізіледі. Әрбір сотталғанға түзелу және қоғамға қайта бейімделу жолына түсуге мүмкіндік беріледі, — деп атап өтті сотталғандармен тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы Айнур Искакова.
