Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесуге 300-ге жуық студент қатысты

Абай облысында құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесуге 300-ге жуық студент қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын түсіндіру мақсатында Шәкәрім университетінде "Қауіпсіз орта және жарқын болашақ" тақырыбында ауқымды кездесу өтті.

Іс-шараға Абай облысы полиция департаментінің, экономикалық тергеу департаментінің, прокуратураның және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысып, 300-ге жуық студент пен жас тыңдаушыны қамтыды.

Кездесу барысында Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаров қоғамның цифрландыру дәуіріне нық қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар күнделікті өмірді жеңілдетумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып отыр. Цифрлық шешімдер, үлкен деректер мен жасанды интеллект мемлекеттік басқаруда жедел әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда елеулі рөл атқаруда.

Сонымен қатар Мемлекет Басшысының жасанды интеллектіні қоғам дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде айқындағаны айтылып, бұл технологиялардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі практикалық тиімділігіне ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері де кеңінен қозғалды. Құқық қорғау органдарының өкілдері желі арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық түрлерінің көбейіп келе жатқанын атап өтіп, белгісіз сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігін түсіндірді.

Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының теріс мақсатта қолданылу қаупі, оның ішінде дипфейк бейнематериалдар мен жалған аудиожазбалар арқылы адамдарды адастыру фактілері талқыланды. Мұндай әрекеттер азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, заңды жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екені ескертілді.

Кездесу барысында жол-көлік оқиғаларының салдарына да ерекше тоқталынды. Әрбір жол апаты — жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, нақты адам тағдыры екені айтылды. Мамандардың зерттеулеріне сәйкес, көлік құралын 6-7 сағат бойы үздіксіз басқару апат қаупін едәуір арттырса, 8-10 сағаттан кейін қауіп деңгейі аса жоғары шекке жетеді. Бұл деректер жылдамдық пен шаршаудың адам өміріне төндіретін қатерін айқын көрсетеді.

Іс-шара қорытындысында жастар заң талаптарын қатаң сақтауға, цифрлық кеңістікте қауіпсіздік ережелерін ұстануға және жеке жауапкершілікті арттыруға шақырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру