Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтті

СҚО-да полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қиылыстарда солға бұрылу кезінде асығыстық таныту, бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан өтуге әрекет жасау жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуына және ауыр салдарға әкеліп соғуда. Әкімшілік полицияның мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 542 жол-көлік оқиғасы тіркелген, олардың 243-і көшелер қиылысында орын алған.

Аталған жол апаттарының салдарынан 5 адам қаза тауып, 310 азамат түрлі деңгейде жарақат алған.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі — жүргізушілердің жолдағы тәртіпке салғырт қарауы. Статистикаға сәйкес, әрбір 10 жол апатының 9-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Осыған орай, апаттылық деңгейін төмендету — бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңір полицейлері облыстық прокуратураның бастамасымен және жергілікті атқарушы органның қолдауымен өткен "Қауіпсіз жол" республикалық акциясына белсенді қатысты.

Акция аясында қадағалау органы қызметкерлері, патрульдік полиция және еріктілер жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде ескертулер мен ұсыныстар қамтылған ақпараттық брошюралар таратты. Негізгі талаптар — қиылыстардан өту кезінде және маневр жасау барысында барынша мұқият болу, белгіленген жылдамдықты асырмау, сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданбау.

Полиция қызметкерлері жүргізушілердің алаңдауы жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру