Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан академиясында ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындылары шығарылды

Ұлттық ұлан академиясында ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындылары шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылы 26 желтоқсанда Петропавлда "Qyzyljar Creative Center" базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының 2025 жылға арналған ғылыми-зерттеу қызметінің қорытындыларын шығару рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған рәсім Академияның ғылыми-білім беру өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, оған басшылық құрамы, профессорлық-оқытушылық құрам, ғылыми бөлімшелердің өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ынталандыру 12 номинация аясында кафедралар, циклдер, кафедра бастықтары мен олардың орынбасарлары, цикл бастықтары, сондай-ақ ғалымдар, аға оқытушылар мен оқытушылар арасында санаттар бойынша жүргізілді. Жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен (сертификаттармен) марапатталды. Іс-шараның салтанатты атмосферасын әр номинацияға арнайы дайындалған облыстық филармония әртістерінің музыкалық нөмірлері айшықтай түсті.

Салтанатты жиында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан СҚО әкімі аппаратының басшысы Әлішев Руслан Қанатханұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ұлттық ұлан Академиясының өңір мен елдің ғылыми әлеуетін дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.

— Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы бүгінде тек әскери оқу орны ғана емес, сонымен қатар беделді ғылыми-білім беру орталығы болып табылады. Мұнда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары әскери ғылымның дамуына, күштік құрылымдардың кадрлық әлеуетін нығайтуға және жоғары білікті офицерлерді қалыптастыруға ықпал етеді. Ғылым мен білімді қолдау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, ал Академия профессорлық-оқытушылық құрамының жетістіктері соның айқын дәлелі, — деп атап өтті Руслан Әлішев.

2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясында балдық-рейтингтік жүйеге (БРЖ) сәйкес кафедралар, циклдер және профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-зерттеу қызметі нәтижелерін кешенді бағалау жүзеге асырылуда. Бұл жүйе ғылыми белсенділікті ынталандыруға, зерттеулер сапасын арттыруға және олардың нәтижелерін қызметтік-жауынгерлік қызмет тәжірибесіне енгізуге бағытталған.

Салтанатты бөлімді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының бастығы, полковник Токушев Артур Калиакпаровичтің бағдарламалық баяндамасы жалғастырды. Ол офицерлік кадрларды даярлауда ғылымның стратегиялық маңызын және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлін атап өтті.

— Бүгінгі таңда ғылыми қызмет — әскери білім беру жүйесінің ажырамас әрі маңызды құрамдас бөлігі. Ғылым арқылы біз заманауи офицерді — ойлай алатын, аналитикалық тұрғыдан даярланған, жылдам өзгеретін жағдайларда негізделген шешім қабылдай білетін тұлғаны қалыптастырамыз. Кафедраларымыз бен оқытушыларымыздың жетістіктері — жүйелі, мақсатты және жауапты еңбектің нәтижесі, — деді академия бастығы.

Іс-шара барысында негізгі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.

Үшінші орынға әскери педагогика және психология кафедрасы лайық деп танылды. Бұл кафедраның көпжылдық тәжірибесі, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстағы жүйелі еңбегі жоғары бағаланды. Марапатты алу үшін сахнаға кафедра бастығы Серов Игорь Александрович шақырылды.

Кафедралар арасындағы екінші орын техникалық қамтамасыз ету кафедрасына бұйырды. Оқу процесін сапалы ұйымдастыруы мен практикалық бағыттағы даярлығы үшін ерекшеленген кафедра атынан сахна төріне кафедра бастығы Ахметжанов Азамат Советович көтерілді.

Ал байқаудың бірінші орнын жедел өнер және моральдық-психологиялық қамтамасыз ету кафедрасы иеленді. Білім беру мен ғылыми зерттеу саласындағы жоғары нәтижелері, заманауи көзқарасы және кәсіби әлеуеті бұл кафедраны үздік деп тануға негіз болды. Салтанатты марапатты алу үшін кафедра бастығы, педагогика ғылымдарыныңкандидаты, философия докторы, қауымдастырылған профессор Шапашев Мұрат Асқарұлы сахнаға шақырылды.

Сонымен қатар ғылыми қызметті дамытуға қосқан жеке үлесі, жоғары жарияланымдық белсенділігі, ғылыми іс-шараларға қатысуы және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жетістіктері үшін профессорлық-оқытушылық құрам қатарынан 26 әскери қызметші мен қызметкер грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Салтанатты рәсім барысында ғылыми жарияланымдар саны, ғылыми конференцияларға қатысуы бойынша көшбасшыларға, сондай-ақ кафедралардың әскери-ғылыми үйірмелері аясында курсанттардың қол жеткізген жетістіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл нәтижелер ғылыми дәстүрлердің сабақтастығын және білім алушылардың зерттеу қызметіне жоғары деңгейде тартылғанын айқын көрсетті.

Ұлттық ұлан академиясының ұжымы 2024 жылғы желтоқсанда қол қойылған өзара іс-қимыл туралы меморандум аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін "Qyzyljar Creative Center" басшылығына, атап айтқанда Муканов Жанболат Темирбулатовичке және мекеме ұжымына алғыстарын білдірді, сондай-ақ ғылыми-білім беру бастамаларын іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін ризашылықтарын жеткізді.

Қорытындылай келе, академия басшылығы әрбір номинация ғылымды дамытуға, ғылыми зерттеулер сапасын арттыруға және оқу орнының ғылыми әлеуетін нығайтуға қосылған нақты үлесті көрсететінін атап өтті. Өткізілген іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының заманауи ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып, жоғары білікті офицерлік кадрларды даярлауға және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айқындады.

Жауап қалдыру