Абай облысында мерекеде қоғамдық тәртіп күшейтілген режимде қамтамасыз етілді
Абай облысында Жаңа жыл түні қоғамдық тәртіп күшейтілген режимде қамтамасыз етілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 31 желтоқсаннан 2026 жылғы 1 қаңтарға қараған түні Абай облысында мерекелік іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі мыңнан астам полиция қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Жаңа жыл түні айтарлықтай қылмыстық оқиғалар тіркелген жоқ.

Аталған уақыт аралығында "102" жедел арнасына шамамен 180 хабарлама келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі көлік құралдарының дұрыс қойылмауына қатысты болды. Кейбір жағдайларда автокөліктер басқа жол қозғалысына қатысушылардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген. Сондай-ақ сөмке мен әмиян сынды жеке заттардың жоғалуына байланысты хабарламалар тіркелді.

Сонымен қатар негізінен тұрмыстық және кездейсоқ жарақат алу жағдайларына байланысты медициналық мекемелерге 15 адам жүгінген. Олардың ішінде пиротехникалық бұйымды қолдану салдарынан баланың көзін күйдіріп алу дерегі бар.

Мерекелік түні алкогольдік масаң күйге қатысты екі жағдай, азаматтарға қатысты алаяқтықтың төрт фактісі және көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың бір дерегі анықталды. Бұдан бөлек, отбасылық жанжалдар бойынша бірнеше хабарлама түскен.

Әрбір хабарлама бойынша полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдады.
Абай облысының полиция департаменті тұрғындарға жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, құқық бұзушылықтар туралы уақытылы хабарлағаны үшін алғыс білдіреді. Бірлескен әрекет арқылы ғана мерекелерді тыныш, қауіпсіз әрі шаттыққа толы жағдайда өткізуге болады.
Полиция тұрғындарға автокөліктерді жол қозғалысына кедергі келтірмейтіндей етіп қоюды, адамдар көп жиналатын орындарда жеке заттарға мұқият болуды және пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Қажет болған жағдайда "102" нөміріне хабарласу сұралады.
