Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздік цифрлық бақылау арқылы күшейтілуде
Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздік цифрлық бақылау арқылы күшейтілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау және цифрлық бақылау жүйелері тиімді түрде қолданылып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1293 бейнебақылау камерасы тұрақты режимде жұмыс істейді. Аталған жүйелер қылмыстардың алдын алу, оларды жедел ашу және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауда маңызды рөл атқаруда.
2025 жылдың 12 айы ішінде облыс бойынша полицияның "102" арнасына 168 124 хабарлама келіп түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40,9 пайызға артқан, яғни тұрғындардың полицияға жүгіну белсенділігі мен құқық қорғау органдарына деген сенімінің артқанын көрсетеді.
Бейнебақылау камераларының көмегімен 167 қылмыс ашылды. Сонымен қатар жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы 21 861 құқық бұзушылық анықталды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға жоғары.
Талдықорған қаласының аумағында адамдар көп шоғырланатын орындарда SOS бейнебақылау және дыбыс арқылы көмек шақыру құрылғылары орнатылған. Қазіргі уақытта мұндай құрылғылар қалада 14 нүктеде, сондай-ақ облыстың 9 ауданында жұмыс істеп тұр.
Азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың заманауи тетігі ретінде енгізілген "Омниканалды" жобасы да өз тиімділігін көрсетуде. Аталған жүйе арқылы 511 хабарлама тіркелсе, оның 352-сі "Заң мен тәртіп" мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың сәуір айынан бастап Талдықорған аумағында бет-әлпетті тану функциясы бар 23 интеллектуалды камера орнатылды. Төрт айдың ішінде 547 сәйкестік анықталып, оның 10-ы расталған дерек ретінде тіркелді.
Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында цифрлық технологияларды дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және азаматтармен кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады. Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі.
