Шымкентте қылмыс деңгейі төмендеп, жол қауіпсіздігі күшейтілді
Шымкент қаласының полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың төрағалығымен жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиын барысында өткен жылдың нәтижесі қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.
Министр орынбасарына департаменттің техникалық базасы таныстырылып, фронт-офистің жұмыс барысы көрсетілді.
Кеңес аясында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыстардың жалпы саны азайып, олардың ашылу деңгейі артқан.
Атап айтқанда, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 20 пайыз, көшелердегі қылмыстар 24 пайыз төмендеді. Ал жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім 25 пайыз қысқарды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында патрульдеу бағыттары қайта қаралып, жаяу патрульдер саны артты. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде 11 ойын-сауық мекемесі өз қызметін тоқтатты.
Қала аумағында қазіргі таңда 198 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 41 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 215 жаяу жүргінші өткелінде түнгі уақытта жарықтандыруды жақсартатын заманауи жүйелер орнатылды. Сондай-ақ "Аргус. Жаяу жүргінші өткелі" аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу оң нәтиже берді.
Жол-көлік оқиғаларын талдау нәтижесінде аталған кешендерді тағы 50 учаскеге орнату ұсынылып, бұл бастама жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тапты.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың сәуір айынан бастап мобильді "Ekin Patrol" кешені пайдалануға беріліп, олардың көмегімен 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Күнделікті қызметте ұшқышсыз ұшу аппараттары да тиімді қолданылып келеді. Олардың көмегімен 17 қылмыс ашылып, 879 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Алдағы уақытта профилактикалық жұмыс одан әрі күшейтіліп, қылмыстың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған жұмыстар жандандырылады
