СҚО-да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді
СҚО-да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтарды полицияға көрсеткен көмегі үшін ынталандыру, бұрын сотты болған адамдарға бақылауды күшейту — осы және өзге де жаңашылдықтар Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.
Елімізде "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" жаңа заң енгізілуде. Полицейлер мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері алдағы жұмысты жаңа форматта ұйымдастыру мәселелерін қарастырды.
Бұған дейін профилактикалық тетіктер Қазақстан Республикасының бес заңында көзделсе, енді олар қоғамдық көмекшілердің қатысуы кеңейтілген, азаматтарды ынталандыру шаралары енгізілген, соның ішінде құқық бұзушылықтарды фото және бейнетіркеу үшін көтермелеу қарастырылған біртұтас үйлестірілген жүйеге біріктірілді.
Жасөспірімдер қылмысының және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән берілуде. Жаңа заң проблемаларды ерте кезеңде анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар жаңашылдықтар рецидивтік қылмыспен күреске де қатысты болады.
СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах отырысқа қатысушыларға қайталанатын қылмыстардың көбіне есепке алынбаған адамдар тарапынан жасалатынын еске салды. Осыған байланысты енді бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған барлық адамдарға әкімшілік қадағалау белгіленетін болады.
Полицейлер мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлесіп, қысқа мерзімде өзара іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеуге және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын бекітудің жаңа тәсілдері аясында жергілікті жерлерде субъектілердің жұмысын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
