Астанада ауа баптағыштың бөлшектерін ұрлаған күдікті ұсталды
Астанада ауа баптағыштың бөлшектерін ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада күзетшінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекеттерінің арқасында 16 ауа баптағышты бүлдірген азамат ұсталды.
Оқиға тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Күзетші үйдің шатырында өзін күмәнді ұстаған белгісіз ер адамды байқап, болған жайт туралы дереу полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері 35 жастағы күдіктіні ұстады. Тексеру барысында оның сөмкесінен ауа баптағыштың сыртқы блоктарынан кесіп алынған 16 дана мыс түтік табылды. Анықталғандай, күдікті оларды металл қабылдау пунктіне өткізуді жоспарлаған.
Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция қырағылық танытқаны үшін күзетшіге алғыс білдіріп, азаматтарды күмәнді тұлғалар мен фактілер туралы құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлауға шақырады.
