Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы сотталған азаматтың қоғамға қайта оралуындағы оң өзгерістер

Абай облысындағы сотталған азаматтың қоғамға қайта оралуындағы оң өзгерістері жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

Есірткі құралдарын таратқаны үшін сотталған, 10 жылға бас бостандығынан айырылған 51 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы жазасын өтеу үшін Абай облысындағы әйелдерге арналған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жеткізілді.

Мекемеде болған жылдары ол өзін жағымды қырынан көрсете білді. Тігін цехында адал еңбек етіп, тәртіптілігімен, жауапкершілігімен және бастамашылдығымен ерекшеленді. Мекеме әкімшілігі оның түзелуге деген ұмтылысын, белгіленген тәртіпті сақтауы мен еңбек қызметіне белсенді қатысуын бірнеше рет атап өтті.

Жазасын өтеу барысында тек сотталғанның өзі ғана емес, оның өмірі де өзгерді. Бостандығынан айырылғанға дейін отбасы болмаған ол колонияда жүріп өз тағдырын тапты. 57 жастағы ер адам оның тірегі мен қолдауына айналып, уақыт өте келе заңды жұбайы болды. Барлық қиындықтарға қарамастан, ол үнемі келіп, моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, оның бостандыққа қайта оралуына сенді.

Бостандыққа шығу күні жұбайы тағы да жанынан табылды. Мекеме қақпасында ол толқыныс пен қуанышқа толы күйде жаңа өмірдің басталуын білдіретін бұл күнді қарсы алды.

— Осы жылдар маған қарапайым нәрселерді — еңбекті, адалдықты және адам жылуын қадірлеуді үйретті. Өзгеруіме және өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік берген мекеме қызметкерлеріне алғысым шексіз. Ең бастысы — мен жалғыз қалған жоқпын. Бүгін мен өзіме сенбеген кездің өзінде маған сенген адамға қарай шықтым, — деп бөлісті сотталған азамат.

Бұл әсерлі сәт үміттің символына айналып, тіпті ең күрделі өмірлік жағдайларда да адамның өз жолын өзгертіп, адамгершілік құндылықтарды сақтап, болашаққа сеніммен қоғамға қайта оралуға қабілетті екенін дәлелдеді.

— Біздің басты мақсатымыз — сотталған әйелдерге жан-жақты қолдау көрсету, оларды қоғам өміріне бейімдеуге көмектесу. Сондай-ақ шетел азаматтарына құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету — жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай оқиғалар сотталғандардың болашаққа деген сенімін нығайтып, түзелу жолының шынайы екенін айқын көрсетеді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.

Мұндай оқиғалар сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің маңызын, түзелу процесіндегі еңбек пен тәртіптің, сондай-ақ жақын адамдардың қолдауының шешуші рөлін және бостандыққа шыққаннан кейінгі табысты бейімделудің маңызын айқын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру