Рождестводағы тосын сый: Қарағандыда спортзалдан ұрланған заттар қайтарылды
Қарағандыда рождество түні спортзалдан ұрланған заттар қайтарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда рождестволық таң 28 жастағы кәсіпкер үшін жағымсыз жағдаймен басталды. Белгісіз азамат спортзал ғимаратына заңсыз кіріп, тұрмыстық техникаларды ұрлап кеткен. Жоғалған техникалар қатарында жылытқыш, теледидарлар және шаңсорғышты ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 450 мың теңгеден асқан.
Аталған дерек бойынша Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтап, оны қолға түсірді. Ол 43 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, ұрланған мүлікті иесіне ерікті түрде қайтарды.
Қазіргі уақытта бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің өңір аумағында жасалған өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы барын анықтау бағытында тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
