Атырауда ПД бастығы учаскелік полиция пунктінің жұмыс барысымен танысты
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев Атырау қаласындағы №2 учаскелік полиция пунктінің жұмыс барысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықпен күнделікті тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының қызметі, жүктемесі мен өзекті мәселелері назарға алынды. Кездесу барысында департамент бастығы учаскелік инспекторлармен ашық форматта пікір алмасып, олардың ұсыныстары мен ой-пікірін тыңдады.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруда учаскелік полиция қызметінің маңызы ерекше екені атап өтілді.
– Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап берді. Полиция қызметі азаматтардың мүддесіне бағытталып, ашықтық пен қолжетімділік қағидаттары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Тұрғындардың өтініш-шағымына жедел ден қою, профилактикалық жұмыстарды күшейту және сенімді диалог орнату басты міндетіміз, – деді өңірдің бас полицейі Оңал Бекеев.
Сонымен қатар учаскелік полиция пунктінің материалдық-техникалық жағдайы, қызметтік тәртібі пен профилактикалық жұмыстардың сапасы қаралды. Тұрғындармен кері байланысты күшейту, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша нақты міндеттер жүктелді.
