Жасөспірімдермен жұмыс – мейірім мен талап қатар жүретін міндет
Жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – қоғам болашағы үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Осы жауапты саланы абыроймен атқарып жүрген погон таққан арудың бірі – Атырау қаласы полиция ювеналды полиция инспекторы Гүлайым Қайыржанқызы. Polisia.kz сайты антына адал сақшы туралы ақпарат ұсынады.
Гүлайым Атырау қаласының тумасы. Ол – Қостанай академиясының түлегі. Қызмет жолын Атырау қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінде бастап, бүгінгі күнге дейін №4 учаскелік полиция пунктінің инспекторы ретінде өзіне жүктелген міндеттерді атқарып келеді. Инспектордың әкімшілік аумағында 45 мыңға жуық тұрғын бар. Сонымен қатар оған №19 мектеп-гимназия бекітілген. Аталған білім беру мекемесінде оқушылардың қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы және тәртіпті сақтауы – оның тұрақты бақылауында. Өзі жауапты мектепте 1200-ден астам оқушы білім алады, бұл күнделікті жүйелі жұмысты, тұрақты бақылауды және педагогикалық ұжыммен тығыз қарым-қатынасты талап етеді.
Тәртіп сақшысы мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылармен ашық форматта кездесулер өткізеді. Балалардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптар оның профилактикалық жұмысының негізгі бағытына айналған. Қиын жағдайдағы жасөспірімдермен жеке сөйлесіп, ата-аналармен бірлесе отырып мәселені шешуге ұмтылады.
Жасөспірімдермен жұмыс істеу – тек заң аясындағы міндет емес, үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап ететін қызмет. Гүлайым өз еңбегі арқылы балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне, құқық бұзушылықтың алдын алуға және сенімді қоғам қалыптастыруға үлес қосып келеді.
