Сәтбаевта жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шара өтті
Сәтбаевта жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәтбаев қаласындағы №16 мектепте кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тақырыбына арналған құқықтық сабақ ұйымдастырылды. Іс-шара ата-аналар мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталды.
Кездесудің басты мақсаты – мектеп жасындағы балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру. Дәріс барысында нақты өмірлік жағдайлар мысалға алынып, жасөспірімдердің мінез-құлқы мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Құқықтық сабақты Ұлытау облысы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Ерғали Қожабеков пен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Ержан Сердалин өткізді.
Дәріс барысында ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі рөлі, олардың бос уақытын бақылау, жасөспірімдерді спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тарту мәселелері қозғалды. Полиция мұндай бірлескен кездесулердің алдын алу жұмыстары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
