Қызмет пен жауапкершілікті қатар арқалаған нәзік жанды полицей
Қызметке адалдық пен антқа беріктік - ішкі істер органдары қызметкерлеріне тән басты қасиеттердің бірі. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қатарында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби міндетін мінсіз атқарып келе жатқан әйел қызметкерлер де аз емес. Солардың бірі – Махамбет ауданы полиция бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы, полиция майоры Жазира Отарғалиқызы. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жазира Отарғалиқызы Атырау облысы Махамбет ауданының тумасы. Отбасындағы тұңғыш қыз бола тұра, бала күнінен тәртіп пен әділдікті өмірлік ұстаным етіп қалыптастырды. Әкесінің қызмет жолын жалғастырып, құқық қорғау саласында еңбек ету – оның жастайынан айқындалған мақсаты болды. Бұл таңдау жылдар өте келе саналы шешімге, ал кейін кәсіби өмірлік жолға айналды. Еңбек жолын 2000 жылы Махамбет ауданы ішкі істер бөлімінде кеңсе маманы ретінде бастаған. 2004-2012 жылдар аралығында ақпараттық-техникалық топта техник қызметін атқарып, осы кезеңде кіші сержант арнаулы шеніне ие болды. 2012 жылдан бері ақпараттық-аналитикалық бағытта қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы лауазымында абыройлы еңбек етуде.
21 жылға жуық қызмет өтілі бар полиция қызметкері ішкі істер органдары жұмысының негізгі бағыттарын жан-жақты меңгеріп, өзін тәртіпті, жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі маман ретінде таныта білді. Қызмет барысында іздеуде жүрген тұлғаларды, заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен автокөліктерді анықтау, сондай-ақ жоғалған және ұрланған мүліктерді тіркеу бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Ішкі істер саласында әйел адамға жүктелер міндеттің салмағы ерекше. Қызмет барысында жоғары жауапкершілік, төзімділік пен кәсіби талаптарды қатаң сақтау қажет. Ер азаматтармен бірдей деңгейде қызмет атқара отырып, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл ретте ұқыптылық, тиянақтылық және жауапкершілік секілді қасиеттер жұмыстың нәтижелі болуына оң ықпал етеді.
Жазира Отарғалиқызының қызмет жолы – ішкі істер органдарында еңбек етіп жүрген әйел қызметкерлердің кәсіби әлеуеті мен қызметке деген адалдығының айқын көрінісі. Мұндай тәжірибелі, өз ісіне берік мамандар – құқық қорғау саласының сенімді тірегі әрі жас буын үшін үлгі боларлық тұлға.
