Алматы облысында мектептерде киберқауіпсіздікке арналған профилактикалық іс-шара өтті
Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы қызметкерлері ювеналдық полициямен бірлесіп, облыс орталығындағы мектептерде оқушылардың, ата-аналардың және педагогтердің қатысуымен киберқауіпсіздік пен интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру іс-шараларын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс орталығының ювеналдық полициясымен бірлесіп, орта мектеп-гимназиясында және Дінмұхамед Қонаев атындағы мектепте киберқауіпсіздікке арналған профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға, педагогикалық ұжым мүшелеріне және ата-аналарға киберқауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе интернет-алаяқтықтың алдын алу, цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғау және ғаламторды қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді.
Іс-шара аясында оқушыларға интернет желісінде жиі кездесетін алаяқтық түрлері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қауіпсіз пайдалану қағидалары, сондай-ақ виртуалды ортада құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңмен көзделген жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтерге интернеттегі ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтау және кәмелетке толмағандардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсынымдар берілді.
Аталған профилактикалық іс-шаралар киберқылмыстардың алдын алуға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталып, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
