Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты
Абай облысында ҚАЖ қызметкерлері бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әйелдер колониясының қызметкерлері Аягөз және Жарма аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысты.
Іс-шараларға түрлі мемлекеттік мекемелердің өкілдері, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген жастар мен аудан тұрғындары және жақын елді мекендердің тұрғындары қатысты. Жәрмеңкелерде барлығы 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды, оның ішінде 30-дан астамы қылмыстық-атқару жүйесіне тиесілі.
Жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – халықты бос жұмыс орындары туралы ақпараттандыру, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды мемлекеттік қызметке тарту. Қатысушыларға мекемелердің қызмет бағыттары, еңбек жағдайлары, үміткерлерге қойылатын талаптар және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.
Әйелдер колониясының қызметкерлері қатысушыларды мекеменің қызметімен таныстырып, қылмыстық-атқару жүйесіндегі бос лауазымдарға кадрларды іріктеу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына түсу шарттары, талаптары және іріктеу кезеңдері туралы ақпарат ұсынылды.
ҚАЖ-дағы қызметтің артықшылықтарына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға тұрақты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер, тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі, медициналық қызмет көрсету, зейнетақы жеңілдіктері және кәсіби даму туралы түсіндірілді. Бұл саладағы қызметтің жоғары жауапкершілік, тәртіптілік пен күйзеліске төзімділікті талап ететіні, сондай-ақ қоғамның қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Іс-шара барысында қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, оларға жан-жақты жауаптар берілді. Көптеген жастар құқық қорғау органдарында қызмет етуге қызығушылық танытып, конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат тапсыруға ниет білдірді.
— Мен бұрыннан құқық қорғау органдарында қызмет етуді ойлап жүрмін, себебі бұл жұмысты беделді әрі әлеуметтік маңызы жоғары деп санаймын. Бүгін қылмыстық-атқару жүйесіне түсу талаптары, жағдайлары және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы көп пайдалы ақпарат алдым. Мемлекеттің жас мамандарға әлеуметтік кепілдіктер мен қолдау көрсетуі өте маңызды. Жәрмеңкеге қатысқаннан кейін өз таңдауымның дұрыстығына деген сенімім арта түсті, — деді қатысушылардың бірі.
— ҚАЖ — бұл жай ғана жұмыс емес, бұл үлкен жауапкершілік пен жоғары тәртіп пен жанқиярлықты талап ететін қызмет. Біз адал, білімді, физикалық және моральдық тұрғыдан дайын жастарды қабылдауға мүдделіміз. Осындай жәрмеңкелер болашақ әріптестерімізді табуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жумашев.
