Қызылордада ҚАЖ мекемесінде сотталғандарға арналған оқу орталығы ашылды
Қызылордада ҚАЖ мекемесінде сотталғандарға арналған оқу орталығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілерді қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтендіру және бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысының тапсырмасына сәйкес ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінде skills.enbek.kz онлайн оқыту орталығы ашылды. Сотталғандар skills.enbek.kz онлайн платформасы арқылы әр түрлі мамандықтар бойынша қайта даярлау курсынан өтеді.
Аталған бастама сотталған азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және босап шыққан соң заңды түрде табыс табуына жағдай жасауға бағытталған.
Сотталғандарды жұмыспен қамту тобының инспекторы Саягүл Кенжеғұлованың айтуынша, оқуға ниетті әрбір сотталған өзі жеке өтініш беріп, еңбек нарығында сұранысқа ие курсты таңдай алады.
Қазіргі таңда сотталғандар дәнекерлеуші, аспаз және тігінші, су құбыры жөндеушісі мамандықтарына тіркеліп жатыр. Олар онлайн форматта өздері таңдаған мамандық бойынша осы оқу орталығында білім алады. Оқу ұзақтығы курсқа байланысты әртүрлі. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушылар тест тапсырып, нәтижесінде сертификатқа ие болады, – деді Саягүл Кенжеғұлова.
Айта кетер болсақ, 2025 жылы skills.enbek.kz онлайн платформасы арқылы 43 сотталған қайта даярлау курсынан өтіп сертификат алған.
