Павлодар облысында автокөлік салонынан жасалған ұрлық деректері тіркелді
Павлодар облысында автокөлік салонынан жасалған 4 ұрлық дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөлік салондарынан жасалатын ұрлық – бұл көлік құралына заңсыз кіру арқылы бөтен мүлікті жасырын түрде ұрлау. Мұндай қылмыстардың негізгі себебі – автокөлік иелерінің көлік салонында кілттерді қалдыруы және көлік есіктерін құлыптамауы. Ұрлықтар көбіне күзетілмейтін тұрақтарда, аула аумақтарында және түнгі уақытта жасалады.
Өткен жылы облыс аумағында автокөлік салондарынан 28 ұрлық тіркелген, оның 22-сі көлік есіктерінің құлыпталмауы салдарынан болған. Биылғы жылдың басынан бері көліктен ұрлаудың 4 дерегі тіркелді.
– Мысалы ай басында Павлодар қаласында жедел уәкілдер автокөлік салондарынан заңсыз кіру арқылы 2 ұрлық жасаған 3 жас азаматтан құралған топты анықтап, ұстады. Түнгі уақытта көпқабатты тұрғын үй ауласында күдіктілер есіктері құлыпталмаған автокөлікті байқап, салонға кіріп, автомагнитола мен аккумуляторды ұрлаған. Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сондай-ақ олардың облыс аумағында жасалған өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, – дейді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полиция көлік құралдарын дабыл беру жүйесімен жабдықтауды, сондай-ақ қысқа уақытқа кетсеңіз де автокөлікті міндетті түрде құлыптауды ұсынады.
