Талдықорғанда "Қауіпсіз аула" ауқымды профилактикалық шарасы өтті
Талдықорғанда "Қауіпсіз аула" ауқымды профилактикалық шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері "Қауіпсіз аула" атты ауқымды профилактикалық шара өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Полиция басымдықты жазалауға емес, тұрғындарға заң талаптарын сақтау және өз әрекеттері үшін жауапкершілік туралы еске салуға берді.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша 239 құқық бұзушылық анықталды. Олардың бір бөлігі қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну және қоғамдық орындарға мас күйінде шығу деректері бойынша 12 адам жауапкершілікке тартылды, тағы 5 факт алкоголь өнімдерін сату кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға қатысты болды.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлді: түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 22 жасөспірім анықталды. Сонымен қатар түнгі тыныштықты бұзудың 8 дерегі, темекі өнімдерін тұтынуға тыйымды бұзудың 2 фактісі және есірткі құралдарын медициналық емес мақсатта тұтынудың 1 жағдайы тіркелді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі жол қауіпсіздігі саласына тиесілі. Көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарғаны үшін 2 жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек, маневр жасау ережелерін бұзудың 11 фактісі, көлікті дұрыс тоқтатпау бойынша 24 дерек, жол белгілерінің талаптарын сақтамаудың 59 жағдайы және сыртқы жарық беру аспаптарын пайдалану қағидаларын бұзудың 42 фактісі тіркелді.
Сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған тұлғалар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерілді.
Полиция қызметкерлері мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, профилактикалық сипатқа ие екенін атап өтеді. Негізгі мақсат – қаладағы тәртіпті, қауіпсіздікті және тыныштықты сақтау, сондай-ақ неғұрлым ауыр құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Полиция Талдықорған қаласының тұрғындарын заң талаптарын сақтауға және қаланың қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауға шақырады.
