Қызылордада полиция ардагеріне арналған музей-бұрыш ашылды
Қызылордада полиция ардагеріне арналған музей-бұрыш ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында саналы ғұмырын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған, Қызылорда милициясының ерекше құрметіне ие болған ардагер Серікбол Тұңғышбайға арналған музей-бұрыштың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров, ардагердің туған-туыстары, әріптестері мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Салтанатты жиында ардагердің ішкі істер саласындағы ұзақ жылдық еңбегі ерекше аталып, оның ордендері мен өзге де марапаттары музей архивіне тапсырылды.
Серікбол Қуатбайұлы ішкі істер органдарында кәсіби шеберлігімен, зор беделімен танылып, ел тыныштығы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан ардақты ардагер. Ол еңбек жолын 1980 жылдың қараша айында Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің №2 арнайы комендатурасында милиционер-кезекші қызметінен бастаған.

1983 жылы КСРО ІІМ-нің Брянск арнаулы орта мектебіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінде жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, бөлімше бастығының орынбасары, кейіннен бөлімше бастығы қызметтерін атқарды. Қызмет барысында 1994 жылы ҚР ІІМ-нің Алматы жоғары мектебін бітірген.
1993 жылы Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімі бастығының оперативтік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, 1995 жылдан бастап осы бөлімнің бастығы қызметін атқарды. 1997–2000 жылдары Қызылорда облысы ішкі істер басқармасының криминалды полиция қызметінің бастығы, кейін 2007 жылдың наурыз айына дейін облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет етті. 2008 жылдың ақпан айында полиция полковнигі шенімен зейнеткерлікке шықты.

Еңбек жолында І, ІІ, ІІІ дәрежелі "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен, сондай-ақ "ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері", "Үздік қызметі үшін", "Байқоңыр милициясына 40 жыл", "Қазақстан полициясына 15 жыл" төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар ҚР ІІМ-нің, облыстық ішкі істер басқармасы мен департаменттің Құрмет грамоталарына бірнеше рет ие болған.
Зейнетке шыққан соң Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыру мақсатында аянбай еңбек етті.
Ашылған музей-бұрыш – ел тыныштығы жолында адал қызмет еткен ардагердің жарқын бейнесін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі етуге арналған тағылымды орын болмақ.
