Кездесудің негізгі тақырыбы есірткі құқық бұзушылықтары мен есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты күшейту болды.
Бейнеконференция барысында қатысушылар есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдерін, сондай-ақ қоғамда есірткі мәдениетіне төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру шараларын талқылады. Әсіресе жастар арасындағы профилактикаға ерекше назар аударылды. Себебі ерте кезеңде жүргізілген түсіндіру жұмыстары өскелең ұрпақты қауіпті әрі жойқын тәуелділіктен сақтауға мүмкіндік береді.
Кездесу аясында бірлескен ауқымды жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Есептік кезеңде мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде дәрістер, жастармен кездесулер, ақпараттық акциялар және тақырыптық подкасттар ұйымдастырылды. Маңызды бағыттардың бірі – есірткі граффитилерімен, яғни тыйым салынған заттарды насихаттайтын жазбалар мен жарнамалармен күрес болды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық ұйымдар мен еріктілермен бірлесіп мұндай жазбаларды анықтау және бояп өшіру бойынша тұрақты рейдтер жүргізіп келеді. Бұл ақпараттық кеңістікті тазартуға және жастардың заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін азайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар алдағы уақытта профилактикалық жұмыс есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңеспен өзара іс-қимылды кеңейту арқылы күшейтілетіні атап өтілді. Енді бірлескен жұмыстар құқықбұзушылықтардың алдын алу кабинеттерінде де жүргізіледі. Бұл жерде мамандар халықпен тікелей жұмыс істеп, түсіндіру әңгімелерін жүргізіп, азаматтарға кеңес беріп, қауіп факторларын дер кезінде анықтай алады. Мұндай формат профилактикалық жұмыстың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде есірткі қылмысының алдын алу тек құқық қорғау шараларымен шектелмейді. Бұл полиция, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің күшін біріктіретін жүйелі жұмыс. Тек бірлескен әрекет арқылы қауіпсіз орта қалыптастырып, қоғамды есірткінің таралу қаупінен қорғауға болады.
Бейнеконференция қатысушылары атап өткендей, есірткі қылмысына қарсы күрес – бұл тек заңсыз әрекеттердің жолын кесу ғана емес, сонымен қатар ұлт денсаулығын сақтау, жастардың болашағын қорғау және қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы күнделікті еңбек.
