Павлодарда мас күйде қылмыс жасаған тұрғын бас бостандығынан айырылды
Павлодарда мас күйде қылмыс жасаған тұрғын бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны сот үкімімен төрт жылға бас бостандығынан айырылып, маскүнемдіктен мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілді.
– Өткен жылдың сәуір айында мен көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде болған қасақана ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Тергеу барысында сол күні әке мен бала арасында тұрмыстық негізде жанжал шыққаны, екеуінің де алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Жанжал барысында ұлы ас үй пышағын алып, әкесінің іш тұсына бір рет соққы жасаған. Ер адам ауруханаға жеткізілді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының Солтүстік полиция бөлімінің тергеушісі Рустам Садыков.
Тергеу барысында жанжалдың себебі мас күйдегі ұлдың пәтерден кетпек болғаны, алайда әкесінің оған кедергі келтіруі болғаны анықталды. Ауызша жанжал кейіннен физикалық қақтығысқа ұласқан.
– Оқиға орнынан барлық заттай дәлелдеме алынды. Куәгерлердің айтуынша, ұлдарының бірі алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынып, кейін ата-анасына жанжал шығарып жүрген. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс бес тәулік ішінде аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Сондай-ақ сараптама нәтижесінде айыпталушының алкогольді қолдану салдарынан туындаған психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстарға шалдыққаны анықталды, – деп атап өтті Рустам Садыков.
