Абай облысында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабағын өткізді
Абай облысында полиция қызметкерлері №5 гимназия оқушыларына арнап қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Шалқар Қанағатов №5 гимназия оқушыларымен арнайы қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесу барысында күнделікті өмірде аса маңызды саналатын қауіпсіздік ережелері, заң талаптары мен жасөспірімдердің жауапкершілігі туралы кең көлемде айтылды.Қауіпсіздік сабағы тек бір жақты ғана емес, барлық өзекті тақырыпты кеңінен қамтыды.
Бүгінгі әңгіме ең алдымен жол қауіпсіздігінен басталды. Мектеп маңында барлық қажетті жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылғанына қарамастан, жол ережесін сақтамау әлі де қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда. Сондықтан жолда мұқият болу – тек өзің үшін емес, айналаңдағылар үшін де маңызды екені ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар соңғы жылдары кеңінен таралған электр скутерлері мен мопедтердің де қауіпті тұстары айтылып, оларды пайдалануға қатысты заң талаптары түсіндірілді.
Келесі кезекте көшеде, үйде және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау мәселесіне тоқталды. Бейтаныс адамдармен сақ болу, жеке қауіпсіздікті сақтау, интернет пен әлеуметтік желілерде өз деректерін қорғау – бүгінгі заман жастары үшін аса өзекті тақырыптар. Полицей балаларға кез келген күмәнді жағдайда ата-анасына немесе полицияға жүгінудің маңызын еске салды. "102" нөмірі мен мобильді қосымшаның мүмкіндіктері де таныстырылды.
Ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі – буллинг. Қорлау мен мазақтаудың салдары өте ауыр болуы мүмкін екені, оның психологиялық жарақат қалдыратыны айтылды. Қазіргі таңда буллинг үшін заң алдында нақты жауапкершілік қарастырылғаны, ал кейбір ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік тіпті 14 жастан басталатыны түсіндірілді.
Оқушыларға тек бақылаушы болып қалмай, жәбірленушіге қолдау көрсету – нағыз азаматтық ұстаным екені жеткізілді.
Сондай-ақ есірткі мен құмар ойындарға тәуелділік туралы да маңызды ақпарат берілді. "Бір рет көрейін" деген ойдың өзі адамның болашағына балта шабуы мүмкін екені, жеңіл ақша мен жалған қызықтың арты ауыр қылмыстар мен қайғылы тағдырларға әкелетіні нақты мысалдармен айтылды.
Кездесу соңында Шалқар Қанағатов оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға, білім алуға шақырып, болашақта Отанға қызмет етемін деген жастарды ІІМ академияларына оқуға түсуге үндеді. Ішкі істер органдарында қызмет ету – тек мамандық емес, бұл елге адал қызмет ету жолы екені ерекше аталды.
Іс-шара соңында оқушыларға сәттілік тілеп, ұлы ойшылдардың нақыл сөздерімен түйін жасалды.
Өйткені білімді, саналы әрі заңды құрметтейтін ұрпақ – ел болашағының берік кепілі.
