Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция 100 көліктен тұратын автотізбекке жол көрсетті

Абай облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты көктайғақ пайда болып, республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар жол уақытша жабылды. Табиғи қолайсыздық өңір тұрғындары мен жолаушылар үшін жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесін өзекті етті. Осыған байланысты Абай облысы полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бақытбек Сыдықбаевтің тікелей басшылығымен жеңіл автокөліктерді бір реттік өткізу бойынша арнайы операция ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — жолда қалған азаматтардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және қажет болған жағдайда жедел көмек көрсету.

Арнайы операция аясында Семей – Бородулиха және Бородулиха – Семей бағыттары бойынша шамамен 100-ге жуық автокөлік полиция қызметкерлерінің бақылауымен қауіпсіз түрде өткізілді. Жол бойында қозғалысқа бақылау күшейтіліп, әрбір көлік құралының жағдайы жіті назарға алынды. Сонымен қатар жолаушылар арасында денсаулық жағдайы күрделі, ауыр сырқат адамдардың бар екені анықталып, полиция қызметкерлері тарапынан медициналық көмек көрсету үшін жедел қолдау ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бүйрек ұстамасы бар науқасқа шұғыл көмек қажет болғанын көрген полиция қызметкерлері оны облыстық бүйрек ауруралы ауруханасына дейін шұғыл жеткізді.

— Біздің басты міндетіміз — азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау. Кейбір көліктерде ауыр науқас адамдар болғандықтан, бей-жай қарап тұра алмадық. Қолайсыз ауа райына қарамастан, жолға шыққан әрбір адам біздің қорғауымызда. Полиция қызметкерлері кез келген төтенше жағдайға дайын және тұрғындарға көмек көрсетуге әрдайым әзір, — деп атап өтті.

Жедел әрі үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде барлық автокөлік белгіленген бағыттар бойынша қауіпсіз жеткізіліп, жол-көлік оқиғаларына жол берілмеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру