Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагері Серік Сейіловтың 90 жылдық мерейтойына орай арнайы барып, құрмет көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Серік Жанайұлы – саналы ғұмырын ел тыныштығын сақтауға арнаған, ішкі істер органдары жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ардагер. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, тылдағы ауыр еңбекке ерте араласқан ол кейін кәсіби жолын құқық қорғау саласына арнады. Әскери борышын өтеп, партияның жоғары мектебін тәмамдаған соң, 1962 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарды.
Қызметтік жолында Зеренді аудандық ішкі істер бөлімінде, Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасында еңбек етіп, 1973 жылдан бастап Көкшетау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімшесін басқарды. Оның басшылығымен бөлімшенің материалдық-техникалық базасы нығайып, кәсіби кадрлар даярланды. Осы ұжымнан ондаған жоғары шенді офицерлердің тәрбиеленіп шығуы – ардагер еңбегінің айқын нәтижесі.
30 жылдан астам мінсіз қызметі үшін Серік Сейілов бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбей, ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп, жас қызметкерлерге тәлімгерлік жасады.
Мерейтой иесін құттықтауға Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің басшылығы және Астана қаласынан арнайы келген көліктегі полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Шаймерденов Серік Жанайұлының адал қызметі мен адамгершілігі бірнеше буын полиция қызметкерлері үшін өнеге екенін атап өтті.
Өз кезегінде Серік Жанайұлы көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, жас қызметкерлерге ақ батасын берді. Ардагерге көрсетілген бұл құрмет – өткенге тағзым, бүгінгі ұрпаққа үлгі.
