Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарда бақылау күшейтілді
Қызылорда облысы полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың жетістігі деп жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 124 дана құрылғы штаттық режимде жұмыс жасауын айтуға болады. “Үнсіз күзетші” бүгінге дейін 7 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нүркен Бақтияров мәлімдеді.

– Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта орналасқан 6 стационарлық бақылау аркасында орташа жылдамдықты өлшейтін құрылғылар іске қосылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында бақылауды күшейту мақсатында жақын орналасқан 32 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторлары қызметтік автокөліктерімен күн сайын сағат 12:00–13:00 және 19:00–22:00 аралығында қосымша күш ретінде кезекшілікке тартылды.
Республикалық маңызы бар автожолдарда үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бақташылардың саны және үй жануарларын уақытша қамауға арналған орындар көбейтілуде. Сонымен қатар үй жануарларына жарық қайтарғыш алқа тағу мақсатында иелерімен жиналыстар өткізілуде.
Сондай-ақ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жүргізушілерді ескерту үшін қауіпті аймақтар мен үй жануарлары шығуы мүмкін 51 аумақ туралы мәліметті "Яндекс" навигациялық қосымшасына енгізу жөнінде ұсыныс берілді.
Автожол бойында өрескел құқық бұзушылықтарды, атап айтқанда қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында департамент теңгеріміндегі 4 және "Қазақтелеком" мекемесінің қолдауымен қосымша 2 ұшқышсыз ұшу аппараты қолданысқа беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Нүркен Бақтияров.
