СҚО-да полиция мен педагогтер жастар тәртібін нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуде
Солтүстік Қазақстанда полиция мен педагогтер жастар тәртібін нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, қоғамдық орында темекі тұқылын тастау немесе былапыт сөз айту жауапкершілікке әкеледі. Бұл жайында Жоғары құрылыс-экономикалық колледж студенттері полиция қызметкерлерімен кездесу барысында білді.

Іс-шараны құқықтық пәндер оқытушысы, бұрын полиция қызметінде болған Александр Лобода ұйымдастырды. Кездесуге бірінші және екінші курс студенттері қатысты, олардың басым бөлігі — кәмелет жасына толмағандар.
Александр Фёдорович қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты тіркелген бейнематериалдарды ұсынды. Онда кейбір студенттердің құқық бұзушылық әрекеттері көрсетілген. Оның шақыруымен келген қонақтар — учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлері әрбір бейнежазбаға құқықтық тұрғыда түсіндірме беріп, құқық бұзушылық құрамын және заңда көзделген айыппұл мөлшерін нақтылап өтті.
Қоғамдық орында былапыт сөз айту ұсақ бұзақылық ретінде бағаланады. Мұндай әрекет үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл (20 мың теңгеден астам) немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Қоғамдық орында темекі шеккені үшін шамамен 65 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал темекі тұқылын арнайы орыннан тыс жерге тастау немесе жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өту 43 мың теңгеден астам айыппұл салуға негіз болады.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылар жиі жіберетін қателіктер мен олардың ықтимал салдарын түсіндірді. Студенттер алдында криминалист маман сөз сөйлеп, суық қаруды заңсыз алып жүрудің жауапкершілігі жайында ақпарат берді.
Колледж басшылығы студенттерге көрсетілген профилактикалық бейнеролик үзінділерін алдағы уақытта ата-аналар жиналыстарында да көрсету мүмкіндігін қарастыруда.
Педагогтер мен полицейлердің пайымынша, тек жүйелі әрі бірлескен жұмыс қана студенттік ортада Заң мен тәртіп қағидаттарына құрметті нығайтуға мүмкіндік береді.
