Ақтөбе облысында көппәтерлі тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығы Қайыркен Әлиевтің және қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың төрағалығымен, сондай-ақ тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қатысуымен мүлік иелерінің бірлестіктері өкілдерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу көппәтерлі тұрғын үйлер мен олардың аула аумақтарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтықтың профилактикасы, сондай-ақ полиция мен тұрғындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту шаралары қаралды. Мүлік иелерінің бірлестіктері төрағаларының тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы кері байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөліне ерекше назар аударылды.

Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев заң мен қоғамдық тәртіпті сақтау қоғам тұрақтылығы мен орнықты дамуының негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіз аула ортасы тек полиция жұмысының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымына да байланысты.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде жедел басқару орталығына біріктірілген заманауи бейнебақылау жүйелері мен цифрлық мониторинг құралдарының маңызы айтылды. Сонымен қатар уақытылы ақпарат алмасу мен бірлескен профилактикалық іс-шаралар негізгі факторлардың бірі болып қала беретіні атап өтілді.
Сондай-ақ кездесу барысында облыстық полиция департаментінің бастығы жеті мүлік иелерінің бірлестіктері төрағасына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі, құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіндегі белсенді азаматтық ұстанымы және полициямен нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс хаттар табыс етті.
Кездесу барысында қатысушылар өзекті сұрақтарын қойып, қоғамдық тәртіпті сақтау, аула аумақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және профилактикалық жұмысты жетілдіру бағытында түсіндірмелер алды.
Полиция департаменті МИБ өкілдерімен және өңір тұрғындарымен алдағы уақытта да сындарлы ынтымақтастық пен ашық диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
