Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда азот тотығының заңсыз сатылуын анықтау және жолын кесу мақсатында рейдтер өткізілді

Павлодарда азот тотығының заңсыз сатылуын анықтау және жолын кесу мақсатында рейдтер өткізілді,  - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында ойын-сауық орындарында "күлдіретін газ" ретінде белгілі азот тотығының заңсыз сатылуын анықтау және оның жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері арнайы рейдтік іс-шаралар өткізді.

Аталған шараға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысып, "Esbol qory" өңірлік фронт-офисінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Павлодар қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Нұржан Байбуриновтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

— Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабының санкциясына сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген тізімге сәйкес азот тотығы күшті әсер ететін заттар қатарына енгізілген. Оны иіскеген кезде адам қысқа мерзімді эйфория сезімін бастан кешіреді, — деді бөлім бастығы.

Рейд барысында ойын-сауық орындарының иелері мен қызметкерлеріне қолданыстағы заңнама талаптары кеңінен түсіндіріліп, күшті әсер ететін заттарды заңсыз сақтағаны және сатқаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілді.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, азот тотығын қолдану адам ағзасына елеулі қауіп төндіреді.

— "Күлдіретін газ" сырт көзге зиянсыз болып көрінгенімен, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл затты иіскеген кезде ағзада оттегінің жетіспеушілігі туындап, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Ұзақ уақыт қолдану есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, зейіннің әлсіреуіне, мазасыздық пен депрессиялық жағдайлардың дамуына алып келеді. Әсіресе жасөспірімдер үшін қауіпті, себебі олардың когнитивтік дамуына кері әсер етуі ықтимал, — деп атап өтті  Ирина Тимиргалиева.

Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. "Жеңіл"тыйым әсері мен қысқа мерзімді эйфориясы ауыр әрі қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру