Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қостанай қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне арналған кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Қазақстан Республикасының "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" Заңын тиімді іске асыру және осы бағыттағы ведомствоаралық жұмысты жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.

Кеңеске полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң нормалары мен оларды тәжірибеде қолдану тетіктері жан-жақты қаралды. Қатысушылар профилактика жұмысының нәтижесі әрбір жауапты субъектінің үйлесімді әрі жүйелі қызметіне байланысты екенін атап өтті.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу – кешенді әрі көпсалалы жұмысты талап ететін маңызды бағыт. Осыған байланысты қылмыстың алдын алу шараларына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының мамандары, сондай-ақ жастар саясаты құрылымдары белсенді қатысуы қажет екені айтылды.

Кеңес барысында қылмыстың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, мал ұрлығының жолын кесу, бейнебақылау жүйелерін дамыту және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша профилактикалық қызметтің тиімділігін арттыруға және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі нығайтуға бағытталған нақты міндеттер белгіленді. Бұл жұмыстар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру