Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өз мамандығына берік көлік полицейі

Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген әйелдер саны аз емес. Полиция қызметі төзімділікті, мықты ерік-жігерді және ең бастысы – жүректің шынайы таңдауын талап ететін жауапты сала екенін олар күн сайын өз еңбектерімен дәлелдеп келеді. Солардың ішінде өз мамандығына беріктігімен, жылдар бойғы тәжірибесімен ерекшеленетін маман – көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Николаева Татьяна Викторовна. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Татьяна Викторовнаның полицияға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Ол бала кезінен-ақ өзін осы қызметпен байланыстыратынын сезген. Мектептегі шығармаларында да болашақта полиция қызметкері болатынын жазған. Бұл таңдауға оның әкесінің ықпалы зор болды – ұзақ жылдар полицияда қызмет еткен жанның адалдығы, әділдігі және кәсіби жауапкершілігі оған өмірлік үлгі болды.

2002 жылы полиция қызметіне қабылданғаннан кейін Татьяна Викторовна еңбек жолын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ретінде бастады. Бұл – ерекше сезімталдықты, сабырлылықты, дұрыс бағыт көрсете білуді талап ететін өте жауапты бағыт. Жасөспірімдермен жұмыс істеу арқылы ол полицияның қоғам алдындағы рөлі мен жауапкершілігін терең сезінді.

2012 жылы ол қызметін көші-қон саласында жалғастырып, көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы лауазымына тағайындалды. Ал 2016 жылы кәсіби біліктілігі мен еңбегінің нәтижесінде аға инспектор дәрежесіне көтерілді. Бұл оның жылдар бойғы табандылығының, жауапкершілігінің және адал еңбегінің айқын бағалануы еді.

Полиция қызметі Татьяна Викторовнаның тек кәсібіне емес, бүкіл өміріне әсер етті. Дәл осы қызмет ортасында ол өз өмірлік серігін кездестірді. Екеуі де – полиция қызметінде, екеуінің де құндылықтары мен міндеттері ортақ. Бұл олардың өмірін одан әрі нығайтып, бір-бірін терең түсінуге жол ашты. Бүгінде олар ұл мен қыз тәрбиелеп, сыйластыққа, өзара қолдауға және отбасы құндылықтарына негізделген берік шаңырақ құрып отыр.

Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар полиция майоры әлі де үнемі жетіліп, жаңа білім алуға талпынатын маман. Ол үшін полиция қызметі – жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен абырой жүктейтін өмірлік міндет.

Татьяна Викторовна жас қызметкерлерге әрдайым: заңды қатаң сақтау, кәсіби сауаттылықты арттыру, адамдармен қарым-қатынас жасауда сабырлылық пен мәдениеттілік таныту, әрқашан төзімді әрі толерантты болу сияқты маңызды кеңестер береді. Оның пікірінше, дәл осы қасиеттер полиция қызметкеріне халық сенімін жоғалтпай, өз міндетін абыроймен атқаруға көмектеседі.

Татьяна Николаева еңбек жолы – табандылықтың, адалдықтың және кәсібіне деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы – жүрекпен жасалған таңдау, адамға қызмет етуге бағытталған арлы да адал жол.

Осындай қызметкерлердің еңбегін көрсету – олардың күнделікті кәсіби жұмысының қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін қоғамға танытатын қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру