Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жасөспірімдер тағдырына жанашыр полицей

Ішкі істер органдарының жүйесінде әртүрлі сипаттағы және алуан тағдырлы адамдар жұмыс жасайды. Олардың арасында жұмысы тек жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар ерекше рухани сезімталдықты қажет ететін мамандар бар. Олар туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Осындай қызметкердің бірі Жамбыл облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция тобының аға инспекторы Оксана Семенова.

Ол ішкі істер органдары қатарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді, осы жылдарды ол қызметтің ең қиын бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға арнады.

Аталған уақыт аралығында ол көптеген жасөспірімдерге өмірін өзгертуге көмектесті, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақытында қолдау көрсетті, сондай-ақ ең қиын жасөспірімдердің де жүрегіне жол таба білді.

Ювеналды полиция инспекторының жұмысы - сенімге ие болу, тыңдай білу және түсіну, уақтылы қолдау көрсету және дұрыс бағыттауды қажет ететін балалармен күнделікті қарым-қатынас.

Көбінесе дәл осындай қызметкерлер жасөспірімдер үшін сенім артуға болатын және дер кезінде дұрыс бағыт көрсете алатын жақын адам болып саналады.

Бірнеше жыл бұрын Оксана Владимировнаны полиция қызметкері ретінде ғана емес, нағыз адам ретінде де айқын сипаттайтын оқиға болды. Еңбек демалысын ол өзі туған Шу қаласындағы үйінде өткізген болатын. Олардың үйінің жанында үлкен өзен арнасы үздіксіз ағып жататын.

Бір күні аулада отырып, балалардың айқайын естіген ол бірден суға жүгірді. Жас бала каналдағы суға батып барады екен, оның өз бетінше судан шығуға ешбір мүмкіндігі болмаған. Бір сәтке де ойланбастан, батып бара жатқан баланы көрген полиция инспекторы суға секіріп, баланы жағаға шығарып, ата-анасына тапсырды. Оның батылдығы мен жылдам әрекетінің нәтижесінде баланың өмірі сақталды.

Қызмет атқарған жылдары полиция майорының кәсібилігі мен жауапкершілігі жоғары бағаланды. Ол бірнеше рет облыстың кәмелетке толмағандар жөніндегі үздік инспекторы болып танылды. Әріптестері оның жұмыстағы принциптілігін, мұқияттылығын және әр балаға көмектесуге деген шынайы ниетін атап көрсетуде. Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалармен жұмыс жасау – полиция қызметкерінің жүрек таңдауы.

Қызметтің қарбалас кестесіне қарамастан, полиция қызметкері отбасында қамқор ана болып қалуда. Ол қызын тәрбиелеп, бос уақытын онымен бірге өткізуге тырысады. Отбасы ол үшін -күш пен шабыт қайнары.

Полиция майоры отбасы үшін әлем халықтарының түрлі тағамдарынын жасап, өзінің аспаздық шеберлігін де шыңдайды. Бұл сүйікті хоббиім дейді.

Оксана Владимировнаның тағы бір ерекше махаббаты - жануарлар, әсіресе мысықтарды жақсы көреді. Жұмысқа немесе үйге барар жолда ол қаңғыбас мысықтар мен иттерді жиі тамақтандырады. Сондықтан оның көлігінен әрқашан жануарларға арналған құрғақ азық салынған пакеттер табуға болады.

Әріптестері бұл қасиеті оны мейірімді, ешнәрсеге бей - жай қарамайтын және мұқтаж жандарға көмектесуге дайын адам ретінде көрсететінін атап өтті.

Оксана Семенова сияқты адамдардың арқасында көптеген жасөспірім жарқын болашаққа мүмкіндік алады. Оның жұмысы – бұл тек мамандық емес, жүрекпен атқарылатын жауапты қызмет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру