Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы полиция департаментінде "Көлік ханымы – 2026" байқауы ұйымдастырылды

Маңғыстау облысы полиция департаментінде "Көлік ханымы – 2026" байқауы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – әйел жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениетін арттыру, жол жүрісі ережелерін білу деңгейін тексеру және практикалық дағдыларын шыңдау. Сонымен қатар байқау қатысушылардың жолдағы жауапкершілігін, зейінділігін және кеңістікте дұрыс бағдарлау қабілетін дамытуға бағытталды.

Сайысқа қатысушылар өз кезектерін жеребе арқылы анықтап, уақытқа бірнеше кезеңнен тұратын кедергілер жолағынан өтті. Қатысушылар айналмалы қозғалысты орындап, автокөлікті сол жақ қырымен және артқы жүріспен тұраққа қою, сондай-ақ ирек жолдан жылдам әрі дәл өту сияқты тапсырмалар бойынша бақ сынасты.

Байқауға қатысқан әйелдердің көпшілігінің автокөлік басқаруда бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Соның бірі – Самал Таңатарова. Ол жүргізуші куәлігін алғаш рет балаларын балабақшаға апару қажеттілігіне байланысты алған. Бүгінде оның көлік жүргізіп жүргеніне 18 жыл болған.

Сайыс барысында Самал Таңатарова автокөлікті шебер басқарып, барлық кезеңдерді 2 минут 47 секунд ішінде орындап, бірінші орынды иеленді. Қалған қатысушылар да жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі екінші және үшінші орындарды иеленді.

Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай байқаулар жол қозғалысы мәдениетін арттыруға және қауіпсіз жүргізуді насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру