Полиция курьерлерді жол ережесін сақтауға шақырды
Алматы қаласы полиция департаменті кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлерінің бейнетіркегіштерінен алынған бейнежазбалар негізінде арнайы бейнежинақ дайындады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейнероликте жол қозғалысы ережелерін бұзған курьерлер мен полиция қызметкерлері арасындағы диалогтар қамтылған. Камералар нақты рейдтердің барысын және құқық бұзушылық жасаған курьерлердің өз әрекеттерін түсіндіруге тырысқан сәттерін тіркеген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайларда көбіне бірдей сипаттағы уәждер айтылады. Атап айтқанда, тапсырысты тез жеткізуге асығу, заң талаптарын толық білмеу, уақыттың тапшылығы немесе жасалған құқық бұзушылықтың қауіптілігіне мән бермеу секілді себептер жиі келтіріледі.
Полиция департаментінде мұндай рейдтердің басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Құқық қорғау органдары курьерлер мен жеткізу қызметтерінің өкілдерін жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
