Жас сақшыларға шабыт сыйлаған Жаңару күні
Жаңару күніне орай ШҚО ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен болашақ мамандығын бүгіннен таңдаған жастар үшін ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№35, 39 және 47 мектептердің "Жас сақшы" полиция сыныптарының 65 тәрбиеленушісі бүтін бір қаланың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін шешімдер қабылданатын орталықтың жұмысымен танысты.
Мұнда бәрі экран арқылы емес, шынайы өмірде көрсетілді. Іс-шара аясында балаларға жедел басқару орталығының жұмысы таныстырылды: бейнебақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтіні, жағдайды қас-қағым сәтте бағалау және күштік құрылымдарды үйлестіру барысы егжей-тегжейлі көрсетілді. Әрбір іс-қимыл — қателікке жол бермейтін нақтылық пен жеделдікті талап етеді.
Бағдарламаның ең әсерлі бөлімі — жылдам қимылдау арнайы жасағының көрсетілімі болды. Қызметкерлер жауынгерлік дайындық элементтерін, іс-қимылдардың үйлесімділігі мен шынайы жұмыс динамикасын паш етті. Бұл жай ғана қойылым емес, күнделікті ауыр қызметтің айқын көрінісі еді.

Экскурсия департаменттің мұражайында қорытындыланды. Қазіргі заманғы технологияларды көргеннен кейін, болашақ офицерлер тарихқа көз жүгіртті. Олар өңірлік полицияның қалыптасу кезеңдерімен танысып, бірегей жәдігерлерді тамашалады және ұрпақтар сабақтастығын сезінді.
Бұл күн жай ғана танымдық саяхат емес, кәсіби жауапкершілік пен таңдау туралы ашық сұхбат алаңына айналды. Мұндай іс-шараның Жаңару күнінде өтуінің нышандық мәні бар — көптеген жасөспірім үшін бұл күн жаңа белестің бастауы болды.
