СҚО бойынша ҚАЖД-да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті
СҚО бойынша ҚАЖД-да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №48 мекемесінде "Наурызнама" онкүндігі аясында сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Іс-шараға шамамен 70 сотталған қатысты. Жарыс бағдарламасына 10 түрлі спорт түрі енгізіліп, олардың ішінде таяқ тарту, садақ ату, қошқар көтеру, арқан тарту, асық ату және ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындарға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар өздерінің дене дайындығын ғана емес, сондай-ақ ептілік, төзімділік және жеңіске деген жігерін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша әрбір спорт түрінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, олар грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ерекше жетістік ретінде қошқар көтеру бойынша өткен жылғы рекорд жаңартылды: бұл жолы сотталғандардың бірі 2 минут ішінде 109 рет отырып-тұрып, жаңа нәтиже көрсетті.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Тәжікстан этномәдени орталығы облыстық филиалының өкілдері шақырылып, олар мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Осындай іс-шараларды өткізу ұлттық спорт түрлеріне қызығушылықты арттыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізеді.
