Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Күш пен рух сайысы: Павлодарда “Pavlodar Challenge” турнирі ұйымдастырылды

Салауатты өмір салтын насихаттау, күштік төзімділікті және командалық рухты дамыту мақсатында "Динамо" спорт кешенінде арнайы бөлімшелер қызметкерлері арасында алғаш рет "Pavlodar Challenge" күштік кешен турнирі ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт полицей қызметкері үшін кәсіби қызметтің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Ол спорттық дайындық қойылған міндеттерді табысты орындауға және жоғары жұмыс қабілетін сақтауға ықпал ететінін жеткізді.

Турнир бағдарламасына веложарыс, тумбаға секіру, шартты түрде "жараланғанды" эвакуациялау, пневматикалық қару мен тапаншадан ату, биіктікке даярлық, турникке тартылу және арқан тарту сайыстары енгізілді. Барлық кезеңде қатысушылар ұйымшылдық пен жеңіске деген жігер танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша "Akbars A" командасы жоғары спорттық дайындық деңгейін көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды "Ertis B" командасы иеленсе, үшінші орынды "Ertis A" командасы алды.

– Спорт күресуге және жеңіске жетуге үйретеді. Өткізілген жарыстар қызметкерлер үшін кәсіби шеберлік, бірлік, достық және әділ бәсекенің үлгісі болып, қызметтік міндеттерін атқару барысында пайдасын тигізеді деп сенеміз, – деп атап өтті полицейлер.

Жарыс соңында барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер грамоталар және медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру