Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қолына домбыра алған тәртіп сақшылары: ШҚО-да полицейлер әлемдік рекордқа үлес қосты

Өскемен қаласының орталық алаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Наурыз мейрамына арналған ерекше шараға белсене қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мереке аясында мыңдаған домбырашының бір мезетте "Ақбұлақ" әнін тарту арқылы әлемдік рекорд орнатылды.

Республика алаңында 5 мыңнан астам домбырашының әуені үйлесім тауып, бұл тарихи жетістік ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, 20 полиция қызметкері домбыра тарту шеберлігін көрсетіп, ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы сәттің бір бөлігіне айналды.

Бұл бастама тәртіп сақшыларының тек қызметтік міндеттерін адал атқарып қана қоймай, рухани құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерге де ерекше құрметпен қарайтынын айқын көрсетті. Полицейлердің шараға қатысуы халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенім мен бірлікті нығайта түсті.

Іс-шараға өзінің кішкентай қызы  Айланамен бірге қатысқан полиция қызметкері Динара Қайыпова өз әсерімен бөлісті:

- Бұл күннің мен үшін орны ерекше. Қасиетті домбыраның үнімен әлемдік рекорд орнатылған сәтте қызымның жанымда болуы – зор қуаныш. Осындай тағылымды сәттер елді біріктіріп, ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді ол.

Өңірдегі Наурыз мерекесі мазмұнды бағдарламамен жалғасып, мыңдаған тұрғындар мен қонақтардың басын қосты. Бұл мереке ел бірлігі мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығын айшықтаған тағылымды шараға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру