Павлодар облысының бас полицейі Ақсуда тұрғындарды жеке қабылдады
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы азаматтарды көшпелі түрде қабылдады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қалалық полиция бөлімінде өткен қабылдауды облыстық ведомство басшысы Василий Скляр жеке өзі жүргізді. Кездесу халықтың мәселелерін ашық талқылау мен жедел шешуге бағытталған “құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында өтті.
Кездесу барысында Ақсу тұрғындары тікелей өздерін толғандырған сұрақтарды қою мүмкіндігіне ие болды. Олар:
учаскелік инспекторлардың жұмысы мен қоғамдық қауіпсіздік, тұрғын алаптарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысын ұйымдастыру және жолдағы қауіпсіздік, сондай-ақ тұрмыстық жанжалдарды шешу мәселелерін көтерді.

– Біздің мақсатымыз – халыққа жақын болу және әрбір азаматтың үнін есту. Осындай көшпелі қабылдаулар жергілікті жерлердегі жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтауға және оларды тиімді шешудің жолдарын табуға мүмкіндік береді. Азаматтармен тікелей байланыс – полицияға деген сенімнің негізі және жұмысымыздың маңызды бөлігі, – деді Василий Скляр.
ПД бастығы әрбір келушіні мұқият тыңдап, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар өтініш бойынша шешімдер сол жерде қабылданды. Қалған мәселелер департамент бастығының жеке бақылауына алынып, тиісті бөлімшелерге жедел тексеру жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.

Ақсу тұрғындары кездесудің бұл форматын жоғары бағалап, өзекті мәселелерді артық кедергілерсіз талқылауға мүмкіндік болғанын атап өтті.

