Маңғыстау облысында есептегі сотталғандар жаппай наркоскринингтен өтіп жатыр
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Ақтау қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар арасында есірткі заттарын қолдану фактілерін анықтау және нашақорлықтың алдын алу мақсатында жоспарлы наркоскрининг шаралары өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шараның негізгі мақсаты — бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесілген азаматтардың сот жүктеген міндеттерді орындауын қадағалау және олардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу болып табылады.
Наркоскрининг барысында пробация есебіндегі тұлғалар арнайы медициналық тестілеуден өтеді, есірткі немесе психотроптық заттарды тұтыну белгілері тексеріледі, сондай-ақ тіркеуде тұрған азаматтармен нашақорлықтың зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
— Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, біз сотталғандардың әлеуметтік ортаға бейімделуін ғана емес, олардың салауатты өмір салтын ұстануын да басты назарда ұстаймыз. Наркоскрининг — бұл жазаны өтеу тәртібін бұзушыларды анықтаудың тиімді құралы, — деп атап өтті бөлім бастығы Нұржан Дүйсенбі.
Егер тексеру нәтижесінде сотталған тұлғаның тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, бұл жаза өтеу шарттарын бұзуға жатады. Мұндай жағдайда заң аясында тиісті шаралар қолданылады. Айта кетейік, мұндай тексерулер облыс көлеміндегі барлық пробация бөлімдерінде тұрақты негізде ұйымдастырылып тұрады.
