БҚО-да ПД бастығы халық алдында есеп берді
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев тұрғындар алдында есеп беріп, өткен жылғы қылмыстық ахуал мен алдағы басым бағыттарды таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, 2025 жылы ішкі істер органдары атқарған жұмыстар туралы баяндады.

2025 жылдың құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы деп жарияланғанын ескере отырып, департамент қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық тәртібін нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде негізгі көрсеткіштер бойынша облыс республикалық деңгейде алдыңғы қатардан көрінді.
Өткен жылы қоғамдық құрылымдармен бірлесіп 56 қылмыс ашылып, 953 құқық бұзушы анықталды. Соңғы бес жылда өңірдегі қылмыс деңгейі 40,5%-ға төмендеген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, ұрлық, тонау және шабуыл фактілері азайған.
Сонымен қатар интернет-алаяқтық, мал ұрлығы және жол-көлік оқиғалары өзекті мәселелер қатарында қалып отыр. Осы бағытта киберқылмыспен күрес бөлімі құрылып, бейнебақылау жүйесі кеңейтілді. "Police-102" мобильді қосымшасы арқылы азаматтар құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады.
2026 жылы департаменттің негізгі басымдықтарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу болмақ.
Кездесу барысында полицияның қоғамдық көмекшілері мен "Погонды журналист" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, департамент басшысы азаматтарды жеке қабылдады.

БҚО полиция департаменті алдағы уақытта да құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Негізгі қағида – халыққа қызмет ету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
