Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Рейд қорытындысы: Павлодарда ондаған құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодарда полицейлер демалыс күндері жүргізілген ауқымды рейдтердің қорытындысын жариялады. Патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және Ұлттық ұлан қызметкерлері жұмылдырылған іс-шаралар барысында 1500-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жүргізілген рейдтер нәтижесінде ондаған жол-көлік оқиғасының және олардың ауыр салдарының алдын алу мүмкін болды. Құрғақ статистиканың артында – сақталып қалған адам өмірлері тұрғаны атап өтілді.

Өрескел құқық бұзушылықтардың қатарында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, өзге жүргізушілерді жылдамдығын күрт өзгертуге немесе бағытынан ауытқуға мәжбүрлейтін қауіпті маневрлер ерекше орын алды.

Мәселен, бірнеше жүргізуші үшін мерекелік көңіл күй әкімшілік жауапкершілікпен аяқталды. Назарбаев пен Естай көшелерінің қиылысында Mercedes және Toyota автокөліктерінің жүргізушілері қауіпті маневрлер жасап, өзге көлік жүргізушілерін күрт тежелуге мәжбүрлеген. Нәтижесінде алты әкімшілік хаттама толтырылып, аталған көліктер айыптұраққа қойылды.

Сонымен қатар, "Кибер-шериф" жүйесі де тиімділігін көрсетті. Жол қозғалысы барысында KIA автокөлігі анықталып, оның иесінің 12 млн теңгеге жуық айыппұл берешегі бар екені белгілі болды.

Қабылданған шараларға қарамастан, кейбір жүргізушілер заң талаптарын елемеуді жалғастыруда. Демалыс күндері сегіз жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Олардың қатарында Марғұлан көшесінде есірткілік мас күйінде болған жүргізуші де бар. Сондай-ақ, Cherry Tiggo және Toyota Land Cruiser 200 автокөліктерінің жүргізушілері бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан қайтадан рөлге отырғаны анықталды.

Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдын Жүнісовтің айтуынша, негізгі мақсат – жазалау емес, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

- Жолдағы қауіпсіздік – полиция мен әрбір жүргізушінің ортақ міндеті. Басты назар алдын алу және түсіндіру жұмыстарына аударылады, – деді ол.

Жалпы, демалыс күндері өңірде 1500-ден астам құқық бұзушылық тіркелсе, оның 676-сы жол қозғалысы ережелерін бұзу, 8-і мас күйінде көлік жүргізу фактілері. Барлығы 26 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Полиция мұндай рейдтердің алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ескертеді. Жолды қауіп аймағына айналдырмау – баршамызға ортақ міндет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру